Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Ресейде сырттай қамауға алынды

15:00, 11 маусым 2026
 

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде белгілі, “ҚазТемірТранс” АҚ-ның экс-вице-президенті Азамат Қапенов Ресейде сырттай қамауға алынды. Оған кәсіпкер, “Азия Авто – БИПЭК” компаниялар тобының бұрынғы иесі Анатолий Балушкинді алдады деген айып тағылған, деп жазады Alash.KZ dalanews.kz дерегіне сүйеніп.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, сот Азамат және Медер Қапеновтарға қатысты екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарған. Қамау мерзімі олардың нақты ұсталған сәтінен немесе Ресей аумағына экстрадицияланған жағдайда құқық қорғау органдарына тапсырылған күннен бастап есептеледі.

Тергеу нұсқасы бойынша, ағайынды Қапеновтар Қазақстанда тіркелген “ПТД” ЖШС-дегі 25 пайыздық үлесті заңсыз иемденді деген күдікке ілінген.

Іс материалдарында олардың компания қызметіне байланысты дауларды шешуге көмектесеміз деген желеумен Анатолий Балушкинді адастырғаны айтылған. Күдіктілер өздерінің ықпалы бар екенін алға тартып, мәселені реттеуге уәде бергенімен, шын мәнінде міндеттемелерін орындауды көздемеген деп көрсетілген.

Тергеу деректеріне сәйкес, кәсіпкерге келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 52 миллион рубльді құрайды.

Бұған дейін Балушкин Қазақстандағы ірі автокөлік өндірушілердің бірі саналатын «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының негізгі иесі болған. Тергеу материалдарында компанияның айналым қаражатын толықтыру үшін кәсіпкердің сол кездегі «Цеснабанк» (қазіргі Jusan Bank) арқылы 66 млрд теңге көлемінде несие алғаны көрсетілген.

Кейін банк қарызды өндіріп алу үшін сотқа жүгінген. Сот барысында Балушкин мен оның серіктесі Ерік Сағымбаевтың несие қаражатын жымқырғаны анықталғаны айтылды. Осыдан кейін кәсіпкердің барлық активтері бұғатталып, компаниялар тобына қарасты кәсіпорындардың қызметі тоқырауға ұшыраған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар