Астанада мас күйде Есілді жүзіп өтпек болған екі ер адам жауапқа тартылды, деп жазды Alash.kz.
Астанада алкогольдік мас күйде Есіл өзенін жүзіп өтпек болған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға Есіл өзенінің акваториясын патрульдеу кезінде анықталған. Құтқарушылар суда жүрген 1989 және 1992 жылы туған екі ер адамды байқап, олардың мас күйде болғанын анықтаған.
Ер адамдар өзенді өз бетінше жүзіп өтпек болған. Құтқарушылар оларды дер кезінде жағаға шығарып, қауіптің алдын алды. Зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болмаған.
Ведомствоның хабарлауынша, судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін азаматтарға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылды.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды суға мас күйде түспеуге, өз мүмкіндігін дұрыс бағалауға, құтқарушылардың талаптарын орындауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырды.