Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде басына кондиционер құлап көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуінің қайта отбасын құруы желіде қызу талқыланып жатқанда, марқұмның анасы Салима Ершанқұлқызы үндеу жасап, өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұмның анасының құқығын қорғайтын заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желіде арнайы видео жариялады. Онда Салима Ершанқұлқызы ел ішінде туындаған көптеген сұрақтарға жауап беруді жөн көргенін айтады.
Марқұмның анасының сөзінше, қызының күйеуі Зейнет Әділет пен оның туыстары қайта неке қимас бұрын олардан ешқандай рұқсат сұрамаған.
«Мен – Мырзуан Ұлдана Қалдарханқызының анасы Салима Ершанқұлқызымын. Көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға байланысты үндеу жасап отырмын. Көп адам "күйеу балаңыз қайта үйленер алдында алдарыңыздан өтті ме?" деп сұрап жатыр. Жоқ, ол да, ата-анасы да, үлкендері де бізге келіп, ешқандай рұқсат сұраған жоқ», – деді марқұмның анасы.
Сонымен қатар Салима Ершанқұлқызы қызының өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істе Зейнет Әділеттің жәбірленуші мәртебесінен бас тартқанын талап етті.
«Қызымның өліміне қатысты тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Қазіргі таңда Әділет жәбірленуші ретінде танылған. Мен оның осы мәртебеден бас тартқанын қалаймын», – деп атап өтті ол.
Сонымен бірге марқұмның анасы Ұлдананың артында қалған мүлкі туралы да ашып айтты. Оның сөзінше, заңнамаға сәйкес, қызының 17 жасынан бері жыйнаған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаты күйеуіне берілген. Ал Ұлдананың өз еңбегімен алған автокөлігі ата-анасының меншігіне өтті.
«Қызымның өз маңдай терімен алған көлігі және 17 жасынан бастап жиналған зейнетақы қорындағы қаражаты бар еді. Заң бойынша зейнетақы жинағы Әділетке берілді. Ал автокөлік бізге қалдырылды. Көлік биыл 22 шілдеден бастап біздің атымызға рәсімделді. Оған дейін, 18 қарашадан 22 шілдеге дейін бұл көлік Әділеттің иелігінде болды. Анасы ретінде қызымның заңды құқықтары мен мүдделерін ақырына дейін қорғаймын», – деді Салима Ершанқұлқызы.
Үндеу соңында марқұмның анасы өзіне қолдау білдірген барша отандастарына алғыс айтып, қызының қазасына қатысты тергеудің әділ әрі ашық жүргізілетініне сенім білдірді.