Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Марқұмның денесін мұздатқышқа салып, газельмен тасыған" - Ақтөбеде танымалы дәрігердің өліміне қатысты сот басталды

15:05, 11 қыркүйек 2025 1130

Ақтөбеде 69 жастағы белгілі дәрігер Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Әріптесі марқұмның басына дорба (пакет) кигізіп, денесін мұздатқышта сақтаған, ақшасын ұрлаған, деп жазады Alash.KZ сайты Orda.kz дерегіне сүйеніп. 

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жантүршігерлік қылмыс жайлы ақпарат айтылды.

Белгілі болғандай, әріптесі оны бірнеше рет пышақтап, балтамен ұрған. Денесін мұздатқышқа жасырып,  ГАЗель жалдау арқылы қаланың ішінде еркін тасымалдаған. Кейін Pinduoduo сайтынан алған маскамен марқұмның банктердегі ақшасын ұрлағаны айтылды.

31 жастағы сотталушы сот залына арнайы күзетпен жеткізілді.

Ол Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» 99-бап 2-бөлік 8-тармағы, «ұрлық» 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша айыпталды. 

29 мамыр күні жергілікті парақшаларда дәрігердің 23 тамыздан бері табылмай жатқаны туралы ақпарат шыққан еді. 

Іс материалдарына сүйенсек, сотталушы 5 жыл бойы жәбірленуші Айсағалиевпен бірге жұмыс істеген. Оның жалғыз тұратынын біледі. Банкте қомақты қаржысы бар екенін біліп, сеніміне кіреді. Телефонға банк қосымшасын жазып беру арқылытелефондағы парольді де білген. Әрі қарай қылмыстық ойын жоспарлап, Pinduoduo сайтынан силиконды маска сатып алады. 

19 мамырда Айсағалиевтің көзіне ота жасату үшін Астана қаласына баратынын білген. Үйінің кілтін алып қалған. Марқұм 2025 жылдың 24 мамыры күні сағат 22:44-те Астанадан Ақтөбеге ұшып келеді. Сол күні түнде сотталушы үйіне барған. Есікті дәрігердің өзі алаңсыз ашады.Айыптауды оқыған прокурор дәрігер өлімінің сол күні түнде болғанын айтты. 

«Ш. жәбірленушінің ас бөлмесінде Айсағалиевтің кеуде тұсына үш рет пышақ сұғып алады. Айсағалиев еденге құлайды. Одан кейін Ш.  екі рет балтамен басынан ұрады. Өкпе мен жүрекке түскен жарақаттан, марқұм көп қан жоғалтып,  көз жұмған. Ашық бас ми жарақатын алған.
Екі рет сол жақ кеуде тұсына пышақ сұғады. Сонымен бірге, бетінде ұрып-соққан іздер бар. Ш. Айсағалиевтің өлгенін білсе де, оның қолын байлап, басына пакет кигізеді. Кейін денесін мұздатқышқа салып тастайды.  24 мамырдан 25 мамырға қараған түні ешкім көріп тұрмағанына көз жеткізіп, Айсағалиевтің банктегі есепшотында ірі көлемде ақша бар екенін біліп, банк картасын алып кетеді. Планшет, ноутбукті, телефондарын сөмкеге салып қоса әкетеді. Кейін силиконды масканы киіп, бірнеше банкоматтан ақша алады», — деді прокурор Гүлзара Көшербаева.  
 

Сотталушы Айсағалиевтің есепшотынан жалпы көлемі 5 млн 268 мың теңге алған. Жалпы шығын — 7 234 860 теңге.

OLX арқылы ГАЗель тауып алып, ет салынған мұздатқышты гаражға апару керек деп айтқан. Жүргізуші жанына жүк көтерушіні ертіп әкеледі. Олар ішінде не бар екенін білмеген. Себебі сотталушы мұздатқышты скочтап тастаған. Кейін тағы көлік жалдап денені басқа мекенжайға апарған.

31 жастағы сотталушы кінәні мойындайды. Істі алқа  билердің қатысуымен қарауды сұрады. 

«Мен өз кінәмды толық мойындаймын, өкінемін. Сот алды тергеу кезінде мен тергеуге көмектестім. Өте өкінішті. Менің біреуді өлтіретін арам ойым болған жоқ. Әдейі жасаған жоқпын. Істі алқа билердің қатысуымен қарауды сұраймын», — деді сотталушы.  

Сот сотталушының өтінішін қанағаттандырды. 25 қыркүйекте алқа билер іріктеліп, кейін басты сот талқылауы басталады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар