Белгілі фольклортанушы ғалым, жыршы Берік Жүсіпов Баян Алагөзованың әкесі Мақсат Мұхитденовтің зерттеуші ретінде қандай жұмыс атқарғанына тоқталды, деп хабарлайды Alash.KZ сайты Ulysmedia.kz дерегіне жүгініп.
Фольклортанушы Баян Алагөзованы “Қыз Жібектің” камзолы оқиғасына қатысты жақтап шыққан болатын. Содан кейін, оның бір себебі әкесіне де байланысты екенін бөлісті. Берік Жүсіпов Мақсат Мұхитденовті түркология тақырыбына, эпостану табиғаты жайында келелі зерттеу жазған бірден бір оқымысты екенін жазды.
Мені Баян қарындаспен ымыраласып, «бірдеңе алып жазып отыр» деп ойлайтындарды да байқадым. Надандықта шек болмайтыны түсінікті. Жалпы, мен Баян қарындасты танымаймын, көрген емеспін. Оған қарағанда өзінен кейінгі сіңлісін – Бағымды біршама білемін, жақсы музыканттың бірі ретінде. Есесіне, бұлардың әкесін – Мақсат Мұхитденов деген арда қазақты танушы едім. Жалпы түркология тақырыбына, эпостану табиғаты жайында келелі зерттеу жазған, сонысына қарамай өзін тым қарапайым, құбатөбел ұстаған мұндай оқымысты, білімді қазақты сирек кездестірдім. Жалпы, сол адам кісі танудың да қас шебері болатын. Дәстүрлі ән, күй, жыр үлгілерін таспалап қалдыруда Мақаңның замандасы әрі жақаттасы Әлім Байғарин екеуіне теңесетін адам болған жоқ. Ондай жанкештілер қазір де сирек. Қазақ руханиятына жасаған ерен еңбегі ұшан теңіз асылдың, әттең, еленбей келе жатқаны болмаса,– деп жазды ол.
Оның айтуынша, Алтын дауыстарды дер кезінде таңбалап қалдырған Мақсат Мұхитдиннің жанкештілігі жайында бәрі білмейді. Баян болмаса ондай ерен ерлік иелері туралы ойлағысы да келмейді ғой қазір.
Ал мен сыртынан қарындасым деп «иеленіп», тілекші болып жүретін Баян — сол асыл ағаның қызы. Маған Баянды тапсырып, аманаттап кеткен ештеңесі жоқ. Бұл менің қазақы жол, дәстүрлі тәрбиеден тапқан өз қалауым. Ал асылдың сынығы — Баян қарындастың ұлтқа қатысты, тіпті оның утилизацияға ұшыраған көне-көскісін сатып алып, елдің кәдесіне қайта жаратуды ойлап жүретін сергек қасиетін көрген кезде, марқұм әкесі — Мақсат аға есіме түседі. Сөйтіп, алпыс екі тамырын бойлап жылыстаған түйіршіктер «қасқа тумаса да, төбел туғанын» көрсетеді де тұрады. Тек деген – осы, оның сырт келбеті, киім киісі немесе тарғыл тағдыры емес. Әттең, жолы жіңішке, әйтпесе көрсетер еді, ұлтты сүю мен құрметтеудің жолын,– дейді Берік Жүсіпов.