Меруерт Түсіпбаева Мақсат Толықбайдың мәлімдемесін сынға алды, деп жазды Alash.KZ.
Белгілі әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде экс-депутат, журналист Мақсат Толықбайдың соңғы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, оны сынға алды.
Өнер иесі өз жазбасында Құрылтай жұмысына қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін азаматтар қатысуы тиіс екенін айтып, көпшілік алдында көп сөйлейтін адамдардың бұл алаңға шақырылуына қарсылық танытты.
«Мақсат кезінде жақсы тамада еді. Сол кезде өз орнында болды. Осындай ой-өріспен, IQ-мен қалай Парламентте депутат болды? Осы Мақсат, Ринат сияқты азаматтар халықтың қандай мәселесін көтерді? Халықтың жоғын жоқтады ма? Кино түсіруге келген Джеки Чаннан Ақтау халқы неге су сұрады? Осындай адамдар депутат болғанда қандай мақсат көздеді? Блогер, әнші, спортшы, ақын-журналистердің бәрі Құрылтайға баруы міндет емес. Әркім өз орнын білсін», – деп жазды Меруерт Түсіпбаева.
Еске салайық, бұған дейін Мақсат Толықбай «Мұзарт» тобына арнайы аллея ашып, ескерткіш орнатуды және жаңа тұрғын үй кешендерінің біріне топтың атын беруді ұсынған болатын.
Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі бастаманы қолдаса, енді бірі елдегі маңызды мәселелер тұрғанда мұндай ұсыныстың орынсыз екенін айтып, сынға алды. Желіде «Алаш арыстарына ескерткіш орнатқан дұрыс», «Елімізде шешімін күткен өзге мәселелер көп», «Бұл – арзан танымалдыққа ұмтылу» деген сарындағы пікірлер де жарияланды.