Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Маңызды өзгеріс! Қаржысынан айырылмайды”: Асхат Аймағамбетов ғалымдарды қуантатын жаңалығын бөлісті

17:24, 12 сәуір 2026

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов  қазақстандықтарды Ғылым күнімен құттықтап, ғалымдарды қолдау мақсатында қандай заң жобасы әзірленгенін айтты, деп жазады Alash.kz.

“12 сәуір - Ғылым күні құтты болсын!

Құттықтау сөзбен ғана шектелмей, ғылым саласындағы проблемаларды шешу үшін біз депутаттық бастамамен арнайы заң жобасын дайындадық. Бұл - ғалымдарды іспен қолдаудың нақты қадамы.

Біз енгізген нормалар ғалым мен оқушының өмірін қалай өзгертеді?

1. Дарынды балалар үшін университет есігі ашылады

Олимпиадаға бала дайындайтын ұстаздармен кездескенде бір жағдайды естідім: дарынды оқушылар тәжірибе жасау үшін университет зертханасына кіре алмай, тіпті олардан ақша талап етілген.

Енді заң бойынша кез келген дарынды бала үшін мемлекеттік ЖОО зертханаларының есігі тегін әрі айқара ашық болады.

2. Ғалымдар енді ақшасы мен уақытынан айырылмайды

Бұрын ғылыми грант 3 жылға берілгенімен, қағазбастылықтың кесірінен қаржы тек жылдың соңында жететін. Соның салдарынан ғалымдар 36 айдың орнына іс жүзінде 24 ай ғана жұмыс істеп үлгеретін. Енді жобаның мерзімі қаңтардан емес, келісімшарт жасалған күннен басталады. Бұл - ғалым бөлінген қаржы мен уақытты 100 пайыз толық пайдаланады деген сөз.

3. Зертханалар бәріне ортақ («Ұжымдық пайдалану»)

Бір университетте ғана бар мықты зертхананы бұрын тек сол жердің адамдары пайдаланатын. Енді арнайы жүйе енгізіледі: кез келген ғалым қай жерде қандай құрылғы бар екенін көріп, бос уақытқа тапсырыс беріп, зерттеуін жүргізе береді. Қымбат жабдықтар бос тұрмай, елге пайда әкелуі тиіс.

4. Ғылым қалалары мен технопарктер

Президент тапсырмасымен заңға «ғылыми-инновациялық аумақ» ұғымын енгіздік. Бұл - ғылым мен өндіріс бір жерде тоғысатын арнайы аймақтар. Ол жеке елді мекен - ғылым қаласы (Курчатов сияқты) немесе ғылыми-технологиялық парк форматында болуы мүмкін. Мұндай аумақтар үшін жеңілдіктер, ҒЗТКЖ (НИОКР) қаржыландыру тетіктері мен мемлекеттік қолдау - бәрі бір пакетте бекітіледі.

5. Ғалымның құқығы мен еркіндігі

Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі заңмен нақты бекітілді. Олардың өз зерттеулерін дербес жоспарлауына, бағытын өздері анықтауына және академиялық еркіндігіне заң жүзінде кепілдік беріледі.

6. Ашықтық пен жауапкершілік

Бұрын ғылыми байқаулардың нәтижесі қашан шығатыны белгісіз болатын. Енді бұл мерзімдер бойынша талап заңмен нақты бекітілді. Ал бюджет қаржысының дұрыс жұмсалуына бұдан былай Ғылым комитеті тікелей жауап береді.

7. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі

Академияның жұмысын тежеп тұрған мәселелерді шешіп, оның квазимемлекеттік сектор субъектісі мәртебесін бекітеміз. Бұл академияның мүлкін қалыптастыруды, басқару тетіктерін жүйелеуді және тұрақты қаржыландыру көздерін айқындауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек тағы да басқа маңызды өзгерістер бар.

Мемлекет басшысы ғылым мен білімді басты басымдық ретінде қойып, осы салада өте ауқымды өзгерістер енгізді. Бұл шешімдер отандық ғылымды дамыту үшін нақты нәтижелер беретіні анық.

Ғылым жолында жүрген барша жандарды мерекесімен құттықтаймын!”,- деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар