Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжол Темірханға қаза тапқан досы Азаматтың қолынан түспеген сағаты сыйға берілді. Бұл туралы Ақжолдың анасы Самал Кеуелова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, сағатты Азаматтың ағасы табыстаған. Бұл сыйлық Ақжол үшін жай ғана зат емес, жан досынан қалған қымбат естелікке айналған.
«Бүгін Азаматтың ағасы Ақжолға бауырының қолынан түспеген сағатын сыйлапты… Бұл — Ақжол үшін жан досының жүрегіне жақын бір бөлшегіндей болып қалған аманат. Қолына таққан сайын Азаматын еске алып, бірге өткізген балалық шағын, күлкісін, әңгімелерін еске түсірер…» — деп жазды Самал Кеуелова.
Сарбаздың анасы Азаматтың ағасына алғысын білдіріп, бауырынан қалған қымбат дүниені ұлына табыстағаны үшін ризашылығын жеткізді.
«Азаматтың өзі қасында болмаса да, оның сағаты енді Ақжолдың қолында… Азаматтың ағасына мың алғыс! Бауырынан қалған қымбат дүниені Ақжолға табыстағаны үшін», — деді ол.
Самал Кеуелова кейбір сыйлықтың құны ақшамен өлшенбейтінін атап өтті.
«Кейбір сыйлықтың бағасы болмайды… Өйткені оның құны ақшада емес, жүректе», — деп түйіндеді ол.