Маңғыстау облысында ер адамдар арасындағы жанжал атысқа ұласты. Оқиға 10 қаңтарға қараған түні Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылында тіркелді деп хабарлайды Alash.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, екі ер адам арасында жанжал туындап, соның барысында олардың бірі екіншісіне қарай оқ атқан. Нәтижесінде жәбірленуші резеңке оқтан қолынан жарақат алды. Зардап шеккен азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, қазіргі таңда оның өміріне қауіп жоқ екені хабарланды. Қақтығысқа қатысқан екі адам да уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша «Бұзақылық» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тінту барысында құқық қорғау органдары тыйым салынған заттарды, сондай-ақ суық қару санатына жататын пышақтар мен дубинкаларды тәркіледі.
Алдын ала болжам бойынша, жанжалдың туындауына қарызға қатысты дау себеп болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.