Маңғыстау облысында бүтін бір отбасы газдан улану салдарынан қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Жексенбі, 2 наурыз күні Басқұдық ауылындағы жеке тұрғын үйде бір отбасы қайтыс болды. Қайғылы оқиға салдарынан жеті адам, оның ішінде бес бала көз жұмды.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жеті адамның мәйітін тапты. Олардың барлығы оқиға орнында жан тапсырған.
Алдын ала мәлімет бойынша, адамдар газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбағандықтан уланған.
“Төтенше жағдайдың себептерін тергеу үшін арнайы комиссия құрылды. Оны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқарады. Қаза тапқан отбасының жақындарына жан-жақты көмек, соның ішінде жерлеу рәсіміне қолдау көрсетіледі. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында,” – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін дәл осындай қайғылы оқиға Мұнайлы ауданындағы “Қаламқас” тұрғын үй массивінде орын алған болатын. Ол кезде үш адам көз жұмған.