Маңғыстау облысындағы мұнай компаниялары қомақты қаржы жымқырған, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Маңғыстау облысының прокуратурасы мұнай-газ саласындағы қазақстандық ірі кәсіпорын қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Бұл туралы облыстық Прокуратура хабарлады.
«Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС лауазымды тұлғалары бюджет қаражаты есебінен 700 млн теңгеден астам сомаға мердігер компанияның шығыстарын негізсіз өтегені анықталды. Одан бөлек, мердігерлерге тасымал қызметтерін іс жүзінде жасамаса да, 2,2 млрд теңге аударылған. 10 шілде күні осы заң бұзушылықтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-тармағы (аса ірі мөлшерде ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен бірге 22 шілдеде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес ұйымының 11 млн теңге ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС бұрынғы басшысы «Т» есімді азамат 23 шілдеде ұсталды.
Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша бұған дейін басталған сотқа дейінгі тергеулер бойынша қаражат жымқыру фактілері бойынша «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС Өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, мердігерлік ұйымдардың 2 өкілі де ұсталды. Тексеріс басталғалы сотқа дейінгі 19 тергеу басталған.
Қазір оларды Маңғыстау облысының экономикалық тергеу департаменті қарап жатыр. Бюджет қаражатын жымқыру және ысырап ету фактілері бойынша — 8 адам, оның ішінде төртеуі «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ еншілес компанияларының 4 лауазымды қызметте болған. Бұдан өзге деректер тергеуге байланысты әзірге жарияланбайды.