Атырауда бір отбасының мүшелерін аяусыз өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесінде жантүршігерлік қылмыстың жаңа мән-жайлары белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот отырысында айыпталушы марқұмдар Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты көрсетпе берді. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Наурыз Мұқанғалиев алған жарақаттарынан оқиға орнында бірден көз жұмбаған. Сәрсемәлиев өз сөзінде қылмыстан кейін есін жия алмай, аулада біраз отырғанын, үйге қайта кіргенде жәбірленушінің әлі де тірі болуы мүмкін екенін ойлап қорыққанын жеткізді. Ол бес баласы мен отбасының болашағын ойлап, полиция шақырудан бас тартқан.
Сондай-ақ айыпталушы үй шаруасына көмектесуге келген Мейрамгүл Қарабалинаны да дәл осы пышақпен өлтіргенін мойындады. Оның айтуынша, арадағы жанжал кезінде бойын ашу билеп, марқұмның денесін Наурыздың мәйіті жасырылған жерге апарып көмген.
Сұлтан Сәрсемәлиев сот залында жасаған қылмысы туралы былай деп мәлімдеді:
«Наурыз бірден қайтыс болған жоқ. Өмірімде бірінші рет осындай жағдай болды. Бұрын мал да сойып көрмегенмін. Ол кезде ешқандай өкініш болған жоқ. Үш адамды өлтіргеннен кейін бәрібір болып кетеді екен».
Бұған дейінгі сот отырысында айыпталушының жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның алғашқы тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілген еді. Бейнематериалда ол үйде болған қанды оқиғаның мән-жайын мүлдем түсінбейтінін алға тартқан болатын. Қазіргі уақытта атышулы іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.