Каспий теңізінде сегіз күн бойы із-түзсіз жоғалған азаматтың мәйіті табылып, қайғылы хабардан кейін марқұмның жақындары мен еріктілер іздеу жұмыстарына септігін тигізген халық емшісі Самат Сәденовке алғыс айтты, деп жазады Alash.kz.
Жақындарының сөзіне қарағанда, Самат Сәденов іздеу шаралары барысында өз көмегін ұсынып, барынша қолдау көрсеткен. Олар бұл оқиғаны Жаратқанның жазуымен болған іс ретінде қабылдайтындарын білдірді. Осы орайда іздеу тобында болған еріктілердің бірі әлеуметтік желіде:
«Сегіз күн бойы Каспий теңізінде із-түзсіз жоғалған азаматтың денесін халық емшісі Самат Сәденов тауып берді. Алладан биік ешкім жоқ, бұл кісіні себепші еткен – Алла деп қабылдаңыз. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына Алла сабыр берсін. Ешбір ата-ананы баласымен, ешбір баланы ата-анасымен сынамасын. Самат Сәденовке жасаған еңбегі мен жанашырлығы үшін Алла разы болсын. Осындай қиын сәтте қолынан келген көмегін көрсетіп, іздеу жұмысына атсалысқаны үшін алғыс айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – деп жазба қалдырды.
Сонымен қатар желі қолданушылары халық емшісінің іздестіру барысында нақты қандай кеңес бергенін де бөлісті. Оның жазбаша нұсқауында:
«Бауыржан деген кісі қазанға баланың киімін және анасының шашын аздап қиып салып, теңізге жіберсін», – деген сөздер жазылған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысында теңізге батып кеткен 18 жастағы бозбаланы іздестіру шаралары сегіз күнге созылған болатын. Ауқымды іздеу жұмыстарының нәтижесінде оның денесі сегізінші күні судан шығарылды.