Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Майдан шебі мен шекаралық аймақтардағы жұмысты күшейту қажет". Зеленский Украина үкіметін жаңартамын деп қауырт мәлімдеме айтты

18:58, 12 шілде 2026

Украина президенті Владимир Зеленский ел үкіметі жақын арада жаңартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Alash.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, Украина алдында жаңа сын-қатерлер мен міндеттер тұр. Осыған байланысты елдің саяси стратегиясын жаңартып, әсіресе Ресей шабуылдары жалғасып жатқан майдан шебі мен шекаралық аймақтардағы жұмысты күшейту қажет.

Зеленскийдің сөзінше, сыртқы саясаттың әрбір басым бағытына халықаралық деңгейдегі келіссөздерді тиімді жүзеге асыра алатын тәжірибелі тұлғалар жауапты болады.

Президент бұл мәселелерді премьер-министр Юлия Свириденкомен талқылағанын айтып, жаңартылған саяси стратегияны іске асыру үшін Министрлер кабинетінің құрамын өзгерту қажет деген ортақ шешімге келгендерін жеткізді.

Сонымен қатар, Зеленский Юлия Свириденкоға атқарған тұрақты әрі тиімді еңбегі үшін алғыс білдіріп, оған Украинаның негізгі халықаралық серіктестерінің бірімен қарым-қатынасқа қатысты жаңа маңызды бағытты басқаруды ұсынғанын хабарлады. Алайда бұл қызметтің нақты қандай лауазым екені әзірге нақтыланбады.

Президенттің айтуынша, кадрлық өзгерістер Жоғарғы радамен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының басшылық құрамында да өзгерістер болады.

Еске салсақ, Юлия Свириденко 2025 жылдың шілде айында Денис Шмыгаль қызметінен кеткеннен кейін Украина премьер-министрі болып тағайындалған еді. Оған дейін ол бірінші вице-премьер әрі экономика министрі қызметтерін атқарған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар