Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Магистратура-2026: Грант конкурсының нәтижесі қашан шығатыны белгілі болды

18:24, 12 тамыз 2026

Бүгін магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталды, деп жазады Alash.kz.

Ол 18 тамызға дейін (қоса алғанда) жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, барлығы 58 мыңға жуық адам магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу тапсырды. Шекті балл жинағандар грант конкурсына қатыса алады. Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады.

«Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-18 тамыз аралығында ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, болашақ магистранттарға құжаттарды тапсырудың ыңғайлы тәсілін таңдау мүмкіндігі беріледі»,- делінген хабарламада.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда).

Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.

Магистратураға түсушілер 11 мыңға жуық мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.

Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі https://t.me/SayasatNurbekOfficial, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар