Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

LRT-де қауіпті әрі жоғары кернеу: жолаушылар қалай сақтану керек?

16:30, 14 желтоқсан 2025

Астанада LRT желісінің кейбір учаскелерінде өмірге аса қауіпті жоғары кернеу берілетіні туралы ескерту жарияланғаннан кейін, эстакададағы қауіпсіздікке қатысты сұрақтар жиілей түсті. Осыған байланысты CTS компаниясы нысандарға бөгде адамдардың кіруі толық шектелгенін мәлімдеп, қауіпсіздік шаралары қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Alash.KZ сайты Tengrinews.kz порталына сілтеме беріп.

17 қазанда елорда тұрғындары мен бірқатар ұйымдарға LRT желісінің жекелеген бөліктерінде өлімге қауіпті кернеу берілетіні жөнінде ресми ескерту жасалған болатын. Мәліметке сәйкес, кернеудің ең жоғары деңгейі 20 мың вольтқа дейін жетеді.

CTS компаниясының баспасөз қызметі құрылыс ұйымдары мен тұрғындарды жанаспа рельстерге, кабель желілеріне және техникалық жабдықтарға жақындамауға, сондай-ақ рұқсатсыз түрде станциялар мен жол аймағына кірмеуге шақырды.

CTS өкілдері LRT жобасы аясында жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған ұйымдастыру және техникалық шаралардың толық кешені қарастырылғанын атап өтті. Компания қауіпсіздік талаптары қолданыстағы нормалар мен стандарттарға толық сәйкес жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

«Жоба барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып іске асырылып жатыр. Құрылымдық және технологиялық шешімдер бөгде адамдардың нысандарға қол жеткізуіне жол бермейді», – делінген CTS жауабында.

Компания өкілдерінің айтуынша, рұқсатсыз кірудің алдын алу үшін арнайы инженерлік шешімдер енгізілген. Бұл шаралар инфрақұрылымды қорғаумен қатар, адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

CTS мәліметінше, эстакадалар екі жағынан қоршаулармен жабдықталған, ал станция аумақтарында бейнебақылау камералары орнатылған.

LRT нысандарына бөгде адамдар кіріп кеткен жағдайда жедел әрекет ету мәселесі әзірге пысықталып жатыр. Ұйымдастыру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін жағдайды бақылаумен айналысатын жауапты қызмет анықталады.

Сонымен қатар, станцияларда платформа типіндегі автоматты есіктер орнатылады. Бұл есіктер пойыз толық тоқтағаннан кейін ғана ашылып, жолаушылардың қауіпсіз мінуі мен түсуін қамтамасыз етуге арналған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар