Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелге кеткен Жәнібекке (Jani Saveliev) қатысты тың мәлімет пайда болды, деп жазады Alash.kz.
"Торғай топырағында туып, шетел асқан Жәнібектің туған анасы болуы мүмкін азамат туралы хат келді. Хатта айтылған дерек Жәнібектің мәліметіне сай келеді. ДНҚ тестін тапсырса, нәтижесін Қымбат Досжан айтады", - деп жазылған Қазақ радиосы таратқан мәліметте.
Хат мазмұнына сәйкес, оның туған анасы болуы мүмкін әйел 2002 жылдары Моңғолиядан Арқалық қаласына оқуға келген.
"Бұл ақпараттың Жәнібекке қатысы бар ма, жоқ па, нақты білмеймін. Бірақ бір ақпаратым бар. Менің туған қайын әпкем Моңғолия мемлекетінен 2002 жылы Арқалық қаласына оқуға келген. Сол кезде ол кісінің аяғы ауыр болған екен. Оны ешкімге, тіпті елінде қалған әке-шешесіне де айтпаған. 2002 жылы 17 ақпанда немесе қаңтарда аман-есен босанып, дүниеге ұл бала әкеліпті. Арқалықта ешқандай туысы болмаған соң, бір жағынан өзі студент болғандықтан, баланы перзентханаға қалдырып кетеді. Өз қолымен "өз еркіммен бас тартамын" деп қолхат жазып беріп кетіпті. Қазір сол бала қайда екенін іздейді. Кейде Жәнібекті әлеуметтік желіден немесе теледидардан көргенде өзіне қатты ұқсатады. "Жәнібек менің балам ба?" деп ойлайды. Осы бойынша ДНҚ тапсырғысы келеді", - деп жазылған хатта.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жәнібек биологиялық анасын іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айтқан болатын.
"Сәлеметсіздер ме, қадірлі отбасым мен достарым. Сіздермен жүрекжарды жаңалығымды бөліскім келеді. Қымбат Досжан мен Мейірман Шекеева және тағы басқа жанашыр адамдармен бірге анамды іздеуді әлі де жалғастырып жатырмыз. Бұл іздеудің қанша уақытқа созылатынын нақты білмеймін. Мүмкін ұзаққа жалғасар, мүмкін күтпеген жерден жақын арада жақсы жаңалық болар. Соңғы уақытта бізге үміт сыйлайтын бірнеше іздер кездесті. Мен күн сайын сіздерді де, анамды да ойлаймын. Баршаңызға тек жақсылық тілеймін", – деп жазды Жәнібек.