Америка Құрама Штаттарының Иранға қарсы жүргізіп жатқан әскери операциясы Вашингтон үшін орасан зор қаржылық шығынға әкелуде, деп жазады Alash.kz.
Конгресс өкілдеріне арналған жабық брифинг деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта бұл мақсатқа күніне шамамен 1 миллиард доллар жұмсалып жатыр.
Atlantic басылымының журналисі Нэнси Юссефтің хабарлауынша, аталған сома АҚШ Конгресіндегі сенімді дереккөз тарапынан расталған. Бұл көрсеткіш жүріп жатқан әскери іс-қимылдардың алдын ала есептелген шығындарын құрайды. Операцияның негізгі кезеңі 28 ақпанда АҚШ пен Израиль күштерінің Иран аумағындағы стратегиялық нысандарға соққы беруінен басталған болатын. Шабуылдардың басты нысанасы ретінде Ислам революциясы сақшылар корпусының басқару орталықтары, әскери аэродромдар, дрон ұшыру алаңдары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері таңдалды.
Ал, Тегеран бұл әрекеттерге жауап ретінде Израиль аумағына және Таяу Шығыс аймағындағы Американың бірнеше әскери базасына соққы жасады. Атап айтқанда, Бахрейн, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Иорданиядағы АҚШ нысандары шабуылға ұшырады. Қазіргі таңда аймақтағы әскери текетірес жалғасып жатыр және ол екі тарап үшін де айтарлықтай ресурс пен қаржыны талап етуде.