Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті 31 желтоқсан күні таңертең Петропавл қаласында тіркелген кісі өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қайғылы оқиға Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан жеке үйлердің бірінде болған.
Алдын ала деректер бойынша, алкогольдік ішімдік ішу кезінде 43 жастағы әйел мен оның 51 жастағы азаматтық жұбайы арасында жанжал туындаған. Жанжал барысында ер адам пышақталып, оқиға орнында көз жұмған.
Әйелдің айтуынша, дау кезінде күйеуі пышақты өз қолына алған, ал ол пышақты жұлып алып, соққы жасаған. Қазіргі таңда бұл нұсқа тексеріліп жатыр.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция тарапынан қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.