Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Күйеуінің жүрегіне пышақ сұғып алған»: Шымкенттік әйелдің қылмысы әшкере болды (ВИДЕО)

10:22, 30 қыркүйек 2026

Шымкентте өз күйеуіне пышақ сұғып, оның өліміне себепші болған жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайғылы оқиға Самал-3 шағынауданындағы жалдамалы пәтерде орын алған.

Полицияның алдын ала мәліметінше, ерлі-зайыптылар арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал туындаған. Салдарынан ер адам пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды.

Көршілердің айтуынша, керіс-жалға қарапайым тұрмыстық жағдай себеп болуы мүмкін. Олардың сөзінше, жанжал әйелдің намаз оқып жатқан сәтінде күйеуінің кедергі жасауынан басталған деседі. Дегенмен, бұл болжам ресми түрде әлі расталған жоқ. Жергілікті тұрғындар бұған дейін бұл отбасынан ұрыс-керіс байқамағандарын жеткізді.

«Полиция мен жедел жәрдем келген кезде біреулер әйелі күйеуінің жүрек тұсына пышақ сұғып алғанын айтты. Бұл отбасымен араласпайтын едік. Көргенде тек екі қызын балабақшаға апарып, алып қайтып бара жатқандарын байқайтынбыз», — дейді куәгер көршісі.

Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның артында екі кішкентай қызы қалды.

Шымкент қалалық полиция департаменті ер адамның өлімі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мен әйел арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал орын алып, салдарынан ер адам пышақ жарақатын алған. Алған жарақатынан ол оқиға орнында көз жұмды», — деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта күдікті әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар