Алматы облысында күйеуін пышақтаған әйел алқабилер шешімімен ақталды, деп хабарлайды ALASH.KZ Newtimes.kz сайтына сілтеп.
2024 жылдың 1 мамырында Алматы облысындағы отбасылардың бірінде жанжал болып, соның салдарынан ер адам қаза тапқан. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жанжал кезінде оның әйелі күйеуінің жүрек тұсына ас үй пышағымен соққы жасаған. Ер адам алған жарақатынан көз жұмған.
Әйелге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған.
Сот отырысы кезінде әйелдің жүкті болғаны және төрт баланы тәрбиелеп отырғаны белгілі болды. Іс алқабилердің қатысуымен қаралған.
Сот қорытындысы бойынша алқабилер сотталушыны өзіне тағылған қылмысты жасады деген айып бойынша кінәсіз деп таныған. Осы вердикт негізінде сот әйелді ақтап шығарды.
Жәбірленуші тараптың моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арызы да қанағаттандырылмады.
Әйел бұған дейін күйеуінен зорлық-зомбылық көрген
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, әйел бұған дейін күйеуінің тарапынан бірнеше рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Алайда марқұмның туыстары соттың ақтау үкімімен келіспейді.
Соттан кейін марқұмның әпкесі видеоүндеу жасап, шешімге наразылығын білдірді.
«Оны өз әйелі жүрегіне пышақ сұғып өлтірді. Қалайша оны ақтап шығаруы мүмкін? Сот алқабилердің қатысуымен өтті», – деді ол.
Оның айтуынша, отбасы мүшелері әйелдің неліктен ақталғанын түсінбейді. Марқұмның әпкесі сот шешімі сыбайлас жемқорлықпен байланысты болуы мүмкін деген пікір білдірген. Алайда ол бұл болжамын растайтын нақты дәлел келтірмеді.
Әйел сот шешімін барлық заңды инстанцияда қайта қаратуға ниетті екенін айтты.
«Біз барлық инстанцияға жүгінеміз. Қайда бару керек болса, сонда дейін жетіп, қажет нәрсенің бәрін айтамыз», – деді ол.
Бұған дейін де өзін қорғаған әйелдің ісі қайта қаралған
Бұған дейін Абай облысының тұрғыны кассациялық сотта ісі қайта қаралғаннан кейін бостандыққа шыққан.
2024 жылдың шілдесінде әйел күйеуін буындырып жатқан ер адамға ағаштың бір бөлігімен соққы жасаған. Шабуыл жасаған ер адам кейін қаза тапқан.
Бастапқыда әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылып, одан 3 миллион теңге моральдық өтемақы өндірілген.
Кассациялық сот әйелдің күйеуін қорғағанын мойындағанымен, оның қажетті қорғаныс шегінен асып кеткенін анықтады. Осыған байланысты әрекеті Қылмыстық кодекстің 112-бабының 2-бөлігіне қайта сараланып, жаза 1 жылға дейін қысқартылды.
Әйел аталған мерзімді бұған дейін өтеп қойғандықтан, сот залында бірден босатылды.