Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы ісі бойынша қызметтік салғырттық танытты деген күдікпен бірқатар лауазымды тұлғалар анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бас прокуратураның хабарлауынша, тергеу органдары бұл тұлғаларды метеорологиялық жағдайды ескере отырып жеке құрамның қауіпсіздігін тиісті деңгейде бақыламады және құтқару жұмыстарын талапқа сай ұйымдастырмады деп күдіктенуде. Қазіргі уақытта оқиға орны толық тексеріліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды. Сондай-ақ іске қатысты құжаттар мен бейнежазбалар тәркіленіп, 12 арнайы сараптама тағайындалды. Тергеу барысында оқиғаға түпкілікті құқықтық баға беріліп, барлық күдіктілерге қатысты тиісті процестік шаралар қабылданады.
– Тергеу нәтижесінде қызметке салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау жүргізіп, қажетті шараларды қабылдамағаны, сондай-ақ құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмағаны анықталды, – делінген хабарламада.