Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Күдікті!»: «Қызылжар» футбол клубының экс-президенті Григорий Лорияға іздеу салынды

16:23, 07 қараша 2026

Солтүстік Қазақстан облысында «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға ресми түрде іздеу жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы мәліметке сәйкес, 1954 жылғы 18 наурызда туған Қазақстан азаматы Григорий Лорияға қатысты іздестіру ісі 7 қарашада тіркелген. Іздеуге Қаржылық мониторинг агенттігі бастамашы болып, бұл шараны ведомствоның СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүзеге асыруда.

Бұған дейін күдікті деп танылған экс-президент 5 қараша күні сағат 15:00-де Петропавл қаласындағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жауап алуға шақырылғанымен, тергеуге келмей қойған. Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе жымқыру) және 245-бабының 3-бөлігі (салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару) бойынша күдік тағылып отыр. Тергеуден жалтарғаннан кейін оған 6 қарашада сағат 11:00-де Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу сотына келу қажеттігі ескертілген. Сотта тергеушінің оны сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініші қаралуы тиіс еді.

Григорий Лория «Қызылжар» футбол клубын 2014 жылдың қыркүйегінен 2024 жылғы 20 наурызға дейін, яғни 10 жылға жуық уақыт бойы басқарған. Бұл аталған спорт ұйымының бұрынғы басшыларына қатысты алғашқы қылмыстық іс емес. Бұған дейін, 2026 жылдың қаңтарында Петропавлда клубтың бұрынғы бас есепшісі Ольга Замелацкая да қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар