Атырауда полиция формасын киіп алып көлік тізгіндеген мас жүргізуші ұсталды.
Ол көлігімен бірнеше сағат бойы аялдамада тапжылмай тұрған. Мұны көрген тұрғындар дереу жедел жәрдем мен тәртіп сақшыларын шақыртқан.
Оқиға орына келген полицйелер мен ақ халаттылар оны жедел жәрдем көлігіне отырғызбақ болған. Осы сәтте мас жүргізуші өзін таспаға түсіріп жатқандарға қарсылық көрсетіп, бет-жүзін жабуға тырысқан. Соған қарамастан, оны полицейлер жедел жәрдем көлігіне мінгізіп, медициналық тексерістен өткізіпті. Сараптама жүргізушінің мас екенін көрсеткен. 29 жастағы азамат бұған дейін де арақ ішіп көлік тізгіндегені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Бірақ үстіндегі формасы болмаса, өзі ішкі істер саласына мүлдем қатысы жоқ дейді сақшылар.
— ҚР ҚК 346-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу жүргізілуде, Полиция қызметкерінің киімін кигені үшін әкімшілік хаттама жасалып жатыр. Жинақталған барлық іс құжат құқық бағасын беру үшін сотқа жолданады, - деп хабарлады Атырау облысы ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.