Ұлдана Мырзуан ісі бойынша сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязова өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін білдіріп, қайғылы оқиғаның мән-жайына қатысты өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот залында куәгер мәртебесінен күдіктіге қалай айналғанын мүлдем түсінбейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, қаржы тапшылығы салдарынан сот процесіне толыққанды дайындалуға да, кәсіби адвокат жалдауға да мүмкіндігі болмаған. Сонымен бірге ол екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана екенін әрі баспанасының жоқтығын да алға тартты.
Жұбаниязова 2016 жылы бұрынғы басшылық тарапынан ғимараттың 30 пайызы қауіпсіз емес екендігін айғақтайтын ресми құжаттардың жасырылғанын жеткізді. Мүлік иелерінің бірлестігінің (МҮБ) төрайымы лауазымын бары-жоғы алты ай ғана атқарғанын айтқан ол осы аралықта ешқандай күдікті ақауларды байқамағанын алға тартты.
Ол сотта өз сөзін: «Қасбетті тексеру 5-тен 10 миллион теңгеге дейін тұрады. Бірақ түсінесіз бе, қасбетті қарасаңыз, бәрі жақсы көрінеді. Ішінде не болып жатқанын қайдан білейін? Бұл жасырын құрылыс ақаулары», — деп түйіндеді.