Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Куәгерден күдіктіге»: 6-қабаттан құлаған бойжеткеннің өлімі үшін жігіті неге қамауға алынды?

11:34, 14 қазан 2026

Алматыда алтыншы қабаттың терезесінен құлап қаза тапқан бойжеткеннің ісі бойынша 22 жастағы Даниал Сейдулла тұтқындалып, оған тағылған айып ауыр баптарға ауыстырылды, деп хабарлайды Alash.kz Informburo.kz ақпаратына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға осы жылдың 24 шілдесіне қараған түні жалдамалы пәтерде орын алған. Бастапқыда тергеуге белсене көмектесіп, ұялы телефоны мен барлық дәлелдерді өз еркімен ұсынған жас жігіт «қорғануға құқығы бар куәгер» мәртебесінде болған еді. Алайда арада екі апта өткенде ол кенеттен тұтқындалып, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.

Істің мән-жайы күрт өзгеріп, Қылмыстық кодекстің 105-бабы 2-бөлігі («Дәрменсіз немесе тәуелді адамды өзін-өзі өлуге дейін жеткізу») және 110-баптың 2-бөлігі («Ерекше қатігездікпен азаптау») бойынша айып тағылған. Бұл баптар бойынша тек бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Осы оқиғаға байланысты қорғаушы тарап пен жас жігіттің жақындары тергеудің біржақты жүріп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Николай Лигай істегі заңсыздықтарға тоқталып:

«Санкция салынған күні сот отырысына екі-ақ минут қалғанда бізге жаңа қаулы тапсырылды. Жас жігіттің тергеуге толық көмектесіп, жасырынуға әрекет жасамағанына қарамастан, оны қоғамнан оқшаулаудың қандай қажеттілігі болғаны түсініксіз. Тергеу органы мен прокурор жәбірленуші тараптың ықпалында кетіп, қорғалушымның конституциялық құқықтарын шектеп отыр. Бойжеткеннің өзі секірді ме, әлде оны біреу итерді ме – оны анықтайтын маңызды сараптамалар әлі күнге дейін жасалған жоқ», — деді.

Даниалдың анасы Әсель Құттықожанова арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қайтыс болған бойжеткеннің отбасына көңіл айтты. Оның айтуынша, марқұм бойжеткен бұған дейін ішімдік пен есірткіге тәуелді болған, ал Даниал оны қатты жақсы көріп, бұл зиянды әдеттен арылтуға тырысқан.

Марқұмның өлімі алдындағы мінез-құлқы мен психологиялық жағдайын баяндаған Әсель Құттықожанова:

«Даниал түнде оянғанда С.-ның терезе алдында тұрғанын көрген. Тура оның көз алдында ол секіріп кеткен. Кейін білгенімдей, бойжеткен өзін терезеден секіруге шақырып тұрған бейтаныс қыз туралы айтып жүрген екен. Ұлым оның бұл сөздерінен қорқып, тіпті екеуінің арасындағы әңгімені телефонға жазып алған. Жазбада ол жылап тұрып, гүлді көйлек киген кекілі бар қыздың өзін сыртқа шақырғанын айтады. Даниал оны сабырға шақырып, жұбатқанымен, ол ештеңеге көнбеген. Бұл аудиожазба мен стенограмма іске тіркелді», — деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, Даниалдың достары Жәңгір Тұманов пен Руслан Қоржов та бойжеткеннің ішімдік ішкенде өзін адекватты ұстамайтынын, алайда Даниалдың оған ешқашан қол көтермей, керісінше тамыз айында үйленуді жоспарлап жүргенін алға тартты. Олар қайғылы оқиға болған түні подъезд алдындағы камераға екеуінің де көтеріңкі көңіл-күйде түсіп қалғанын да алға тартып отыр.

Бұл жағдайға қатысты құзырлы органдар ресми түсініктеме беруден бас тартты. Ауэзов аудандық ПБ тергеушісі, полиция аға лейтенанты Әділ Нұрқасым:

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды. Бұл мәліметтерді ұсыну қылмыстық процесс қатысушыларының құқықтары мен мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін», — деп қысқа қайырды. Дәл осындай мазмұндағы жауапты Әуезов аудандық прокуроры Руслан Шардинов та растап, істің Тергеу бірыңғай тізіліміне тіркелгенін білдірді.

Қазіргі таңда жас жігіттің қорғаушысы тергеу органының әрекетсіздігіне шағым түсіріп, істің әділ әрі жан-жақты қаралуын талап етуде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар