Ресейден Қазақстанға аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарды деген күдікпен халықаралық іздеуде болған ел азаматшасы экстрадицияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ресми мәлімдеді.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол 2022-2023 жылдар аралығында коммерциялық ұйымға жетекшілік еткен. Әйел мемлекетке салық төлемеу мақсатында ресми декларацияларға компания тапқан табыс туралы бұрмаланған әрі өтірік мәліметтерді енгізген. Соның салдарынан мемлекет қазынасына 290 миллион теңгеден астам қаражат түспей қалған.
Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған бойда күдікті елден қашып кеткендіктен, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Қашқынды ағымдағы жылдың қаңтар айында Краснодар қаласынан ұстау мүмкін болды. Қазақстандық тараптың сұранысы негізінде Ресейдің құқық қорғау органдары оны Отанына қайтарды.
Қазіргі уақытта күдікті әйел тергеу изоляторына қамауға алынды. Бұл қылмысты жасағаны үшін оған белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр.