Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Көшпенділер ойынына ұлтыма қуаныш сыйласам, халқымның мерейін өсірсем деген мақсатпен қатыстым" - чемпион Бақыт Құсақбаева

16:38, 11 қыркүйек 2024 1164

Біз бүгін тұтас әлем көз салған 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында ел қоржынына алтын медаль салып, қазағын қуантқан Бақыт Құсақбаевамен сұхбат құрдық. Чемпион бізге жеке қуанышы, спорттағы жетістіктері мен алдағы арман-мақсаты жайлы айтып берді. Бұл жайлы  Alash.kz ұлттық порталы жазды.

- Жеңісіңіз құтты болсын, Бақыт! Жалпы, Көшпенділер ойыны, жеңіс тұғырынан көріну сезімінен кейінгі сөзіңізді тыңдасақ?

- 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық спорт түрінен долаға түскендіктен, жеңіс тұғырынан көріну басты мақсатым болды. Атының өзі айтып тұр. Қазақ күресі. Төл спортымыз бала кезден жаныма жақын болды әрі қыр-сырын бір кісідей білемін деп айта аламын. 

- Сізді жеңіске жетелеген сенім мен сезім жайлы айтасыз ба? 

- Әлем назары ауған дүбірлі додаға ұлтыма қуаныш сыйласам, халқымның мерейін өсірсем деген мақсатпен қатыстым. Негізінен алғанда,  мен өзімнің әлсіз тұстарым мен артықшылығымды жақсы білемін. Сондықтан қарсыластарымды жеңу жолында түрлі әдіс-тәсіл қолдануға тырысамын. Көбіне аяқтан қағу арқылы қарсыласымды абдыратып, кейін шалу әдісін қолдана отырып мақсатыма жетемін. Расы керек, алтынның жолындағы арпалыс оңай болған жоқ. Дәл осы Халықаралық көшпелілер ойынында Ұлы арманым шындыққа айналды. Қолдап, қуанып, құттықтап жатқан халқыма, тілектестеріме алғыс айтамын!

 

- Cпорт саласы қысқа кезең, белгілі бір аралықтан ғана тұрмайды. Спорт - тұтас өмір. Cпорт саласының "табалдырығын аттаған" кездер мен қалыптасу жылдарынан баян етесіз бе?

- Өзім Ақтөбеде қаласында туып-өстім. Алғаш 12 жасымда сыныптастарыммен бірге спорт үйірмелеріне жазылдық. Сол кездегі таңдауым түскен әрі алғаш таныған спорт түрім дзюдо болды. Қызығушылықпен басталған құштарлық кейін тұтас өмірімнің мәніне айналды. Уақыт өте келе спортпен шұғылдануды, жаттығу залында уақыт өткізуді жаным сүйетінін түсіндім. Сол кездегі спорт мектебінің ішкі тынысы қатты ұнады. Осылайша спорттағы жылдарым басталып кетті. Алматы, Астана қалалаларында шеберлігімді шыңдау үшін арнайы мектеп-интернатқа ауыстым. Бір қуанарлығы, спорт саласындағы іргетасым кішкенемнен жақсы қаланды. Әрине, спорт жолы - оңай жол емес. Ата-анаңның жанында болмайсың, арман қуып алыстарға кетесің. Осындай қиындықтарды жеңе білгенде ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады

- Басқа да жетістіктеріңіз жайлы айтып беріңізші...

- Cоңғы екі жыл қатарынан дзюдо спорты бойынша Қазақстан чемпионымын. Азиядан командалық есепте биыл үшінші орынды иелендік. Кеше Қазақ күресінен Қазақстан чемпионы атандым. Өмірімдегі ең сәулелі шақтардың бірі.

- Жеңімпаз жүлдегер ғана емес, сарапшы, толысқан, қалыптасқан спортшы ретінде ұлттық спорттың дамуына қатысты айтар ой-пікіріңіз бар ма? 

- Ұлттық спортты дамыту жолында бірқатар мәселелерге мән берсек деймін. Ең алдымен, қазақ күресінің Қазақ еліндегі насихатын  жақсы жүргізу қажет. Түрлі кездесулер ұйымдастырып, жоғарғы деңгейдегі спорт түріне айналдыру керек. Яғни, ішкі чемпионаттарды әділетті өткізу, төрешілерді оқыту, олардың білімін жетілдіру, арнаулы семинарлар өткізу мәселесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Сонымен қатар, қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізіп, сабақ ретінде өткізсе деймін. Мұндай қадамға бару арқылы Қазақтың дарынды балаларының жұлдызын жағар едік. Кейіннен шетелдерде насихатын жүргізіп, халықаралық жарыстарды өткізе жатармыз. Себебі, спорт осындай сатыларды игеру арқылы дамиды. Мәселен, қараңыз, осы көшпенділер ойынында да қазақ спортын әлем тамашалап, біздің халықтың ұлттық құндылықтарынан хабардар болып жатыр. Мұның өзі қуанарлық нәтиже. Көшпенділер ойыны ұлттық спортымыздың жоғары деңгейде демуына серпіліс берді.

- Сіз тек жүлдегер ғана емес, жаттықтырушы есебінде де қазақ балаларын спортта шыңдап жүргеніңізді жақсы білеміз. Қазақ балаларының қандай артықшылықтары мен кемшіліктерін байқадыңыз? 

- Жаттықтырушы ретінде айтар болсам, қазақ балалары - жігерлі, талантты әрі ақылды. Десе де, кемшіліктері жоқ емес. Дарынды деген балалардың өзінің кейде кежегесі кейін тартып, жалқаулыққа салынып жатады. Спортшының ең бірінші мақсаты - өзін, өз ішіндегі “жалқау палуанды” жеңу. Осы дүниені көп қазақ спортшылары өмірлік мақсатына айнардырса деймін.

- Алда қандай жоспарлар бар?

- Алдағы желтоқсан айында қазақ күресінен әлем біріншілігі өтеді. Биылғы біріншілік Үндістанда өтпек. Мақсатым - халықаралық чемпионатта жеңімпаз атану. 

- Жеңісті күндеріңіз көп болсын! Халқыңызды қуанта беруіңізге біз де тілектеспіз!

 

Дастан ҚАСТАЙ, журналист
 Alash.kz ұлттық порталы 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар