Алматыда 9 жасар балаға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сұмдық оқиға туралы белгілі құқық қорғаушы Ләззат Рақышева мәлімдеді. Оның айтуынша, Human Rights Lawyers қорына зардап шеккен баланың анасы көмек сұрап жүгінген. Әйелдің сөзінше, көршісі мектептен қайтқан баланы алдап үйіне шақырып алып, оған қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер жасаған. Бейнежазбадан ұлының кіреберіске кіргенін көрген анасы оны іздеуге шығып, жағдайдан хабардар болған соң бірден тәртіп сақшыларына шағымданған.
Сонымен қатар құқық қорғаушы Алмалы аудандық полициясының әрекетіне шүбә келтіріп отыр. Арыз түскеніне қарамастан, күдіктінің алғашқы уақытта бостандықта жүргені атап өтілді. Ләззат Рақышева шағымның өз уақытында тіркелуін және тиісті тергеу амалдарының кешіктірілмей жүргізілуін талап етті.
Аталған оқиғаға байланысты Алматы қалалық Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын растады.
«Азаматтың жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылданады», — деп хабарлады полиция өкілдері.
Қазіргі таңда істің басқа да егжей-тегжейі ресми түрде жарияланған жоқ.