Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен зейнеткер ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты жантүршігерлік жаңа деректер жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Мәйіттердің табылуына үйге кірген көрші баланың қырағылығы себеп болған. Марқұмдардың әпкесі Әдемі Шылмағанбетова бұл сәтті былай деп сипаттады:
«Бұрын мал союға көмектесіп жүрген көрші бала диванның әдеттегі орнында тұрмағанын аңғарған. Ол диванды жылжытқанда, астынан мәйіттер табылды. Диванның астына рубероид төселіп, үсті кілемдермен жабылған екен. Інім сол жерді өзі қазып көріп, адам сүйектеріне тап болды, алайда өткір иістің салдарынан әрі қарай жалғастыра алмады».
Қазіргі таңда Атырау облыстық полиция департаменті тергеу амалдарын қарқынды жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, екі мәйіт табылған соң, тізімдегі іздеуде жүргендер санына түзету енгізілген. Полиция өкілдері жағдайды былай деп түсіндірді:
«Екі адамның сүйегі табылғаннан кейін іздеуде төрт адам қалды. Қалған екі жәбірленушіні іздеу шаралары жалғасуда. Сонымен қатар зейнеткерлердің кенже қызы хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде халықаралық іздеуге жарияланды, ал оның күйеуі қылмысқа күдікті ретінде іздестірілуде».