Парламент Мәжілісінде еліміздегі психологтардың қызметін заңнамалық тұрғыда жүйелеуге бағытталған жаңа құжат қарала бастады. Қазіргі уақытта бұл салада бірыңғай ережелер мен нақты талаптардың жоқтығы мамандардың жұмысын бақылауға кедергі келтіріп отыр. Жаңа заң жобасы осы нарықтағы заңсыз қызметтердің жолын кесуді және халыққа көрсетілетін көмектің сапасын арттыруды көздейді, деп жазады Alash.kz.
Бүгінгі таңда тиісті білімі мен кәсіби дайындығы жоқ тұлғалардың ешқандай жауапкершілік арқаламай-ақ психологиялық кеңес берумен айналысуы өзекті мәселеге айналған. Сала мамандары мен депутаттар мұндай бақылаусыздықтың азаматтардың денсаулығы мен моральдық күйіне кері әсерін тигізуі мүмкін екенін алға тартуда. Осыған байланысты заң жобасы аясында мамандарға қойылатын талаптарды қатаңдату және олардың қызметін құқықтық шеңберге келтіру мәселелері қарастырылып жатыр.
Аталған мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов пікір білдірді. Ол өз сөзінде бұл саланың бейберекет кетуіне жол бермеу керектігін және халықтың сеніміне кіріп, сауатсыз кеңес беретіндердің ісіне тосқауыл қою қажеттігін атап өтті.
Қазір екінің бірі - психолог. Көрінген әумесер әлеуметтік желіде «әулие» болып кетті. Ол - өтірік емес. Бір мысал айтайын. Бір жігіт әлеуметтік желіде психологқа хабарласады. «Менің отбасым, әйелім түсіне алмай жүр. Осыны қалай іске асырамын» десе, «Сенің әке-шешең - токсичный. Сен олардан аулақ жүр» деген ғой. Сүйтіп, бір әулеттің ойран-топанын шығарып жіберген. Ал, мемлекет осындай жеке тұлғалардың санасының, жан-саулығының көңіл-күй жиынтығынан тұрады. Біз оны қадағалауға алып, әкені ұл жағадан алып, шешені қыз беттен алып жатқан заманда ары қарай ушықтыруға хақымыз жоқ.