Еуропалық «EUalive.net» медиа-желісінің баспагері Джерджи Готев Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына қатысты өз пайымын білдірді, деп хабарлайды Alash.kz ҚазИнформ агенттігіне сілтеме жасап.
Сарапшы көп жылдар бойы Қазақстанды бақылап келе жатқанын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының негізгі аспектілеріне тоқталды. Олардың қатарында президенттік мерзімді бір реттік кезеңге дейін қысқарту жөніндегі 2022 жылғы конституциялық референдум, жергілікті әкімдерді тікелей сайлауды енгізу, адам құқықтары саласындағы ерекше шаралар, сыбайлас жемқорлықпен күрес және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы бар.
- Соңғы қадам маңызды институционалдық өзгерістерді қамтиды: бірпалаталы Парламентке көшу, бұл Парламентті тек партиялық тізімдер бойынша сайлау, вице-президент лауазымын енгізу, Конституцияда «заң мен тәртіп» принципін бекіту және алдағы түзетулерді әзірлеу үшін, мүмкін референдум өткізу арқылы, Конституциялық комиссия құру. Менің ойымша, бұл реформалар бұрынғы бағытты жалғастырып отыр, модернизациялауға, есеп берушілікті арттыруға, заң үстемдігіне және азаматтарды тартуға бағытталған, - деді Готев.
Сарапшы атап өткендей, жүйе әлі де жоғары деңгейдегі президенттік басқару түрінде қалып отыр.
- Тұтастай алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары Қазақстанның саяси жүйесінің тұрақтылық пен халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға бағытталған бақылаудағы эволюциясын білдіреді, - дейді ол.
Готев сонымен қатар жүргізіліп жатқан реформалардың Қазақстанның сыртқы саяси курсына әсеріне қатысты бағасымен бөлісті.
- Президент Тоқаевтың тұсында Қазақстанның сыртқы саясаты бұрынғысынша 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бері ұстанып келе жатқан көпвекторлы тәсілге, стратегияға берік негізделген. Бұл доктрина ұлттық егемендікті, аумақтық тұтастықты, қауіпсіздікті және экономикалық мүдделерді қорғау үшін барлық ірі әлемдік және аймақтық державалармен теңгерімді, прагматикалық қарым-қатынастардың маңыздылығын көрсетеді, - деп атап өтті ол.
Сарапшы Қазақстанды экономикалық жағынан да, геосаяси өлшемде де ЕО-ның маңызды серіктесі деп санайтынын айтып, блоктың мүше мемлекеттері де Қазақстан үшін сенімді және өзара тиімді одақтастар бола алатынын жеткізді.