Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Концерт аралап, өз ісімен жүрді, сотта екі қызды қорғады: Адвокаттар арасындағы дау шиеленісіп кетті

19:00, 28 мамыр 2025 1865

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот ісіндегі адвокаттар арасындағы дау жалғасып жатыр, деп хабарлайды ALASH.KZ Ertenmedia сайтына сілтеме жасап. 

Істен шығып қалған адвокат Бағдат Амандосұлы бұған дейін «істі біреу жеке атақ-дақпырты үшін пайдаланып жүр, мен сол үшін шеттетілдім» деп шырылдаған. 

Адвокаттар тобының жетекшісі Мейірман Шекеев әріптесінің айыбына дереу жауап беріпті. Шекеевтің айтуынша, әріптесі сот процесіне немқұрайлы қараған.

«Бағдат? Сот жүріп жатқанда, ол концерт аралап, өз шаруасымен жүрді. Жүктелген міндетті орындамады. Іс мүддесіне қайшы әрекет жасады. Оған бірнеше рет ескерту жасадым. Бұған нақты дәлел бар. Амандосұлын топқа өзім шақырған едім, енді өкініп отырмын», – деді Шекеев.

Сонымен бірге Бағдат Амандосұлының адвокаттар құрамына кіру кезінде қол қойған келісімді бұзғанын айтып отыр.

"Ол бойынша Бағдат мырза сот талқылауы толық аяқталмай, қылмыстық іс бойынша ақпарат құралында, әлемжеліде немесе басқа да қоғамдық алаңда пікір, сұхбат, түсініктеме беруге құқылы емес деп өзі белгілеп жазған. Бұл норманы да бұзды. Сотта екі қызға қатысты мәлімдеме жасап, солардың мүддесін қорғағандай әрекет жасады. Бұл Шерзат ісінің мүддесіне қайшы", — деді Мейірман Шекеев.

Ал марқұм Шерзат Полаттың әкесі тек Шекеевке ғана сенетінін айтып отыр.

"Мен Мейірман мырзаға ғана өтініш айттым, істі сол кісіге аманат еттім. Бағдат Амандосұлымен ешқандай келісімшарт болған емес. Кім қатысады, қалай іс жүреді Мейірманның өзі шешеді", – деді Қаржаубай Нұрымов.

Бұған дейін адвокат Бағдат Амандосұлы сот ісінен "түсініксіз себеппен" шығып қалғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл істе жеке абыройы мен атағын ойлағандар ғана жүр.

"Сот процесінде тек өзім сөйлеймін, тек мен сұхбат беремін деген талап орынсыз. Мен біреудің көлеңкесінде қалғым келмейді. Себебі бұл істегі қан хайп құралы емес", – деген болатын Амандосұлы.

Адвокаттар арасындағы дау әлі де жалғасуда.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар