Астанада алаяқтық жасады және жалған ақпарат таратты деген күдікпен 23 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Бұл туралы Alash.kz.
Ақпаратқа сәйкес, 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде анонимді аккаунт әскери қызмет кезінде жыныстық зорлыққа ұшырағаны туралы жазба жариялаған. Автор өз жазбасында бір жыл бұрын әскерден оралғанын, болған оқиғаны ұмыта алмай жүргенін және қауіптеніп жүргенін мәлімдеген.
Жазбада оқиғаның егжей-тегжейі келтіріліп, көпшілік назарын аударған. Кейін автор осы жағдайды алға тартып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Ол банк реквизиттерін жариялап, пайдаланушылардан ақша аударуды өтінген.
Алайда желі қолданушыларының бірі күмәнданып, полицияға жүгінген. Тексеру барысында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған.
Белгілі болғандай, банк есепшоты 17 жастағы жасөспірімнің атына тіркелген. Оның айтуынша, танысы қарызын аудару сылтауымен реквизиттерін сұрап, кейін басқа да қаражат қабылдауға көмектесуді өтінген. Екі күн ішінде аталған есепшотқа 100-ден астам аударым түскен.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде жалған жазба авторы ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктінің әскери қызметке қатысы жоқ және ол бұрын әскерде болмаған. Ол жалған ақпаратты әдейі, ақша жинау мақсатында жариялағанын мойындаған.
Аталған факті бойынша алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптарымен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертті.