Шымкентте кәсіпкерді жүк көлігімен бірге өртеп жібереміз деп қорқытып, ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен екі ер адам қолға түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес, оқиға ет өнімдерін тасымалдау кезіндегі шығыннан басталған. Жолда өнім бұзылып кеткеннен кейін Шымкенттегі базарлардың бірінде кәсіпкер мен екі азаматтың арасында туындаған келіспеушілік соңы қылмысқа ұласқан.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдіктілер кәсіпкерге күш көрсетіп, жүк көлігінің кілтін тартып алған. Олар шығынды өтеу сылтауымен 10 миллион теңге талап етіп, егер ақша берілмесе, көлікті ішіндегі иесімен бірге өртеп жіберетіндерін айтып сес көрсеткен.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері бірлесіп арнайы операция жүргізді. Операция нәтижесінде күдікті екі адам талап еткен қаражаттың жартысын, яғни 5 миллион теңгені қолма-қол алып жатқан сәтінде қылмыс үстінде ұсталды.
Қазіргі таңда екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша «Өз бетінше билік ету» бабымен қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.