Түркістан облысының Түлкібас ауданында 32 жастағы азамат ауылдастарымен кездесуден кейін соққыға жығылып, алған ауыр жарақаттарынан қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Mрқұмның жақындары 19 шілдеде таныстары оған тынымсыз қоңырау шалып, сыртқа шақырғанын айтады. Сол кеште оны бес адамның жабылып соққыға жыққан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Қайтыс болған ер адамның жұбайы шабуылдан кейін белгісіз адамдар күйеуінің телефоны арқылы жауап беріп, туыстарына жалған ақпарат таратқанын жеткізді. Оның сөзінше, марқұмның мойнында пышақ жарақаты бар, сондай-ақ денесінде соққы іздері көптеп табылып, саусақтары сынған.
Марқұмның отбасы қайғылы оқиғадан кейін 10 күннен астам уақыт өткеніне қарамастан, тек бір күдіктінің қамауға алынғанын, ал қалған қатысушылардың әлі де бостандықта жүргенін хабарлады. Оның артында жубайы мен бес кішкентай баласы қалды, кенже сәбидің дүниеге келгеніне тіпті 40 күн де толмаған.
Қазіргі таңда бұл қылмыстық іс «Адам өлтіру» бабы бойынша тергелуде. Марқұмның туыстары оқиғаға қатысы бар тұлғалардың барлығы заң алдында жауап беруін және істің әділ әрі жан-жақты жүргізілуін талап етеді.