Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Кінәсін толық мойындады»: Алматыда Әділет Молдаханға қатысты сот ісі басталды

16:19, 01 маусым 2026

Алматы қаласының Алмалы аудандық сот залында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық істі қарау басталды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Orda.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша айып тағылып отыр. Алғашқы сот отырысында айыпталушы өзіне тағылған қылмыстық заңбузушылықтарды толығымен мойындайтынын мәлімдеді. Судья Ерлан Қасымбек жүргізіп жатқан сот процесіне прокурор ретінде Ұлжан Әбдірманова қатысуда. Ал бұл істе Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық әкімшілік полиция басқармасының экс-басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші тарап ретінде танылған. БАҚ өкілдері сот барысын арнайы бөлек бөлмеден бақылады.

Отырыс кезінде блогердің қорғаушылары сотты уақытша шегере тұруды, яғни тараптардың өзара медиациялық және процессуалдық келісімге келуіне мүмкіндік беруді сұрап өтінішхат жолдады. Сондай-ақ күдіктіні қамаудан босатып, үйқамаққа ауыстыру туралы ұсыныс жасады. Мемлекеттік айыптаушы үйқамаққа бірден қарсылық білдірсе, қорғаушы тарап бұл мәселені судьяның құзырына қалдырды. Өз кезегінде жәбірленуші Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдіраимов сотқа 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын өндіру туралы талап арыз түсірді.

Адвокат Асылбек Әбдіраимов тілшілерге берген сұхбатында істің мән-жайын былай деп түсіндірді:

«Сотталушы өзінің қылмыстық құқықбұзушылығын толықтай мойындады. Сол үшін сот процесі қысқартылған түрде өтсін деп өтініш-талап берілді. Біз оған қарсылық білдрімедік, соттың қарауына қалдырдық. Қысқартылған түрде дегеніміз іс бойынша дәлелдемелерге сотталушы қарсылығыжоқ әрі куәлерден жауап алуды қажет етпейді. Ол туралы өтініш талап келесі сот процесінде қаралады. Біз бұлтартпау шарасына қатысты өтініш-талапқа қатысты қарсылық білдірмедік соттың қарауына қалдырдық. Медиацияға келуге қатысты біз әлі шарттарды білмейміз, ол туралы сұрақ ашық қалды. Тағылған айып бойынша кінәсі дәлелденсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылу немесе 3000 АЕК айыппұл салынуы мүмкін».

Кеңесу бөлмесінен оралған судья Е. Қасымбек мәлімделген өтінішхаттар бойынша шешімін жариялады. Сот Әділетхан Молдаханды үйқамаққа шығару туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Ал процессуалдық келісім жасасу туралы сұраныс прокуратураның қарауына жолданды. Тараптардың өзара медиацияға келу мәселесі әзірге ашық күйінде қалды. Сот залынан шыққан блогер мен оның адвокаттары журналистерге қандай да бір пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты.

Еске сала кетейік, Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылында орын алған атышулы жол апатынан кейін әлеуметтік желіде резонансты мәлімдемелер жасаған болатын. Ол апатқа жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары кінәлі болуы мүмкін екенін айтып, қаладағы заңсыз түнгі жарыстарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері қолдап отыр деп айыптаған еді. Осы мәлімдемелерден соң, наурыз айының соңында Алматы қалалық Полиция департаменті блогерді көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамауға алған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар