Белгілі продюсер Баян Алагөзова журналист Дана Орманбаеваға қатысты кезекті рет пікір білдірді. Бұл туралы ол тележүргізуші Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Продюсердің сөзінше, журналист Дана Орманбаева әлі күнге дейін ресми түрде іздеуде жүр. Сондай-ақ ол оның қазіргі уақытта Дубайда тұрып жатқанын тілге тиек етті.
«Дана Орманбаева әлі күнге дейін іздеуде жүр. Құзырлы органдардың оны неге тауып алмай жатқанына таңғаламын. Меніңше, ол Дубайда бой тасалап жүр. Түсінгенім, мұндай адамдармен әлеуметтік желіде сөз таластырудың еш мәні жоқ. Мен онымен тек заң жүзінде сөйлесуді ұйғардым. Өз басым оны екі рет сотқа бердім. Екеуінде де жеңіп шықтым. Ол маған тиесілі айыппұлды төлеп, сот шығындарын толық өтеді. Десе де, мен әлі күнге дейін оның ел алдында кешірім сұрауын күтіп отырмын. Егер ол көпшілік алдында менен кешірім сұрамаса, қайтадан сотқа беремін», - деді Баян Алагөзова.