Атырау облысы Махамбет ауданында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты күдіктінің анасы Гүлнар Азмұқанова тың деректермен бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
Жанар Молдашева жария еткен видеода құдағи келінінің Ақбаян Мұқанғалиеваның жүйке жүйесінде сырқаты болған және ол дәрігерлердің бақылауында тұрғанын айтқан.
Күдіктінің анасы келінінің бесінші перзентін дүниеге әкелгеннен кейін психологиялық күйзеліске түскенін, соған байланысты емделуге мұқтаж болғанын алға тартты. Ерлі-зайыптылардың шетелге, атап айтқанда Түркияға жиі шығуы да осы денсаулық жағдайымен байланысты болған көрінеді. Гүлнар Азмұқанова бұл сапарлардың шығынын марқұм Мақсот Қарабалин өзінің малын сатып өтегенін айтады.
Еске сала кетейік, 6 қаңтарда Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты Қарабалиндердің мәйіті өз үйлерінің қорасынан табылған болатын. Қазіргі уақытта олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев басты күдікті ретінде халықаралық іздеуге жарияланды. Болжам бойынша, ол Индонезия аумағында жасырынып жүруі мүмкін.
Сонымен қатар, отбасының тағы екі мүшесі Наурыз бен Мейрамгүлдің де қайда екені әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Ал күдіктінің әйелі Ақбаянға қатысты ресми түрде іздеу жарияланбаған.