Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Келін 21 күн комада жатты". Атыраудағы трагедияға қатысы бар деп айтылған күйеубаланың ағасы тосын хабар айтты

18:59, 10 қаңтар 2026

Атырау облысында із-түзсіз жоғалған отбасы ісі бойынша екі адамды өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің ағасы бауыры туралы өз ойын айтты. Бұл туралы Alash.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.

Күдіктінің ағасы Думанның айтуынша, ол інісімен 2024 жылдан бері жақын араласпаған. Сұлтанды соңғы рет 2025 жылдың жаз айларында көргенін жеткізді. Оның сөзінше, бауыры бұрын момын, көпшілікпен араласа бермейтін, өзімен-өзі жүретін адам болған.

“Інім момын, өзімен-өзі жүретін, көп адаммен араласпайтын адам еді. Отбасыда төрт ағайындымыз. Інім әйелімен және 5 баласымен ата-анамыздың қолында тұратын. Анамның айтуынша, інім желтоқсанның басында келінді емдетемін деп кеткен. Өзбекстанда, Ташкентте емдетемін деп айтқан екен. Басқа ештеңе білмеймін. Мен бөлек тұрамын”, – дейді Думан есімді ер адам. 

Сондай-ақ оның айтуынша, келіні босану кезінде ауыр халге түсіп, 21 күн бойы комада жатқан. Кейін есін жиғанымен, денсаулығы толық қалпына келмей, ұзақ уақыт сырқаттанып жүрген.

Күдіктінің ағасы інісінің жоғалып кеткенін көпшілікпен бірге, ақпарат тарағаннан кейін ғана естігенін айтады. Қазіргі таңда Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласы әжесінің қамқорлығында.

“Мен де барлығымен бірге білдім. Қазір 5 баласы анамның қарауында. Келін науқастанғалы балаларға қарауға шамалары келмей қалды. Содан бері балаларға анамыз қарап отыр”, – дейді ер адам. 

Думан інісінің қазіргі қайда жүргенінен бейхабар екенін, тек әлеуметтік желілерде тараған түрлі ақпараттардан ғана хабардар екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұған дейін отбасында мұндай жағдай мүлде болмаған, ал інісінің қайын жұртымен қарым-қатынасы қандай болғанын да білмейді.

Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар