Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оқушылар үшін заманауи, қауіпсіз әрі тең білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осындай жаңа форматтағы білім беру ұйымдарының бірі – елордадағы №101 жалпы білім беретін мектеп. Оқу үдерісіне заманауи тәсілдер, технологиялар және жасанды интеллект элементтері қалай енгізіліп жатқанын мектеп директоры Алма Жұмабекова айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Білім ордасы 2024 жылдың қыркүйек айында ашылды. Бұл жақын маңдағы мектептерге түсетін жүктемені едәуір азайтып, сыныптардың шамадан тыс толуын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда мұнда 3 764 оқушы білім алады, 136 сынып-жинақ жұмыс істейді. Оқу үдерісі екі ауысымда ұйымдастырылған. Мектептің жобалық қуаттылығы екі ауысымда оқыту жағдайында 4 000 оқушыға дейін жетеді.
№101 мектеп – жаңартылған білім мазмұны мен инклюзия қағидаттарын ескере отырып, сапалы әрі қолжетімді білім беруді қамтамасыз ететін заманауи білім беру ұйымы. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалып, арнайы жабдықталған кабинеттер, психологиялық демалыс аймақтары ұйымдастырылған және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қамтамасыз етілген.
«Оқу үдерісінде интерактивті панельдер, цифрлық білім беру ресурстары, онлайн платформалар, аралас оқыту элементтері мен жобалық қызмет кеңінен қолданылады. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қолдауымен мектепте жасанды интеллект технологияларын тікелей пайдаланатын бес пилоттық жоба іске асырылуда. Олар: Kepler Vision, Google Workspace for Education, Dana Tiin, Roqed AI және Just Edu», – деді мектеп директоры.
Оның айтуынша, STEM бағытына ерекше назар аударылады. Физика, химия және биология пәндері бойынша заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханалық кешендер жұмыс істейді. Робототехника кабинеті Spike Prime, Arduino, Rev Robotics, Fishertechnik жиынтықтарымен, гуманоид роботпен, дрондармен, VR-құрылғылармен және 3D-принтерлермен толық қамтылған. Бұл жабдықтар сабақ барысында да, сыныптан тыс уақытта да пайдаланылады.
Оқу кеңістіктері сабақтың әртүрлі форматтарына – зертханалық жұмыстарға, топтық жобаларға және пікірталастарға бейімделіп трансформацияланады.
Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте робототехника, STEM бағыттары, бейнелеу өнері және хореографияны қамтитын спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді.
Оқушылардың қауіпсіздігі бейнебақылаудың кешенді жүйесімен, электронды өткізу жүйесімен және автоматты өрт дабылымен қамтамасыз етілген. Мектеп аумағында барлығы 191 бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың бір бөлігі елордалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Ата-аналар мен келушілердің кіруі арнайы рұқсатнама және алдын ала тіркелу арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру жағдайларын теңестіруге, үш ауысымды оқытуды жоюға және ескірген білім беру инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған.