Иранның үш азаматы Каспий теңізі арқылы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтіп, сотталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, шетелдіктер теңізде балық аулау барысында шекараны ресми өткізу пунктінен тыс жерден белгіленген тәртіпті бұза отырып өткен. Оларды Қазақстан ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері теңіз айдынында байқап, құрықтады.
Аталған дерек бойынша Иран азаматтарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-1-бөлігі (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтуі) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қарақия аудандық соты іс-құжаттарын сараптай келе, үш азаматты да айыпты деп танып, әрқайсысына бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қатар сот үкіміне сәйкес, олар жазасын өтеп болғаннан кейін Қазақстан аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылады.
Мемлекеттік айыптаушылар ел шекарасын заңсыз кесіп өткендерге қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.