Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Kaspi-ге қарыз болма, әйтпесе мекенжайың интернетке кетуі мүмкін!

11:49, 07 тамыз 2025 221

Kaspi Red-ке қарызы бар әйелге қорқыту жасалғаннан кейін сот басталды — деп хабарлайды ALASH.kz.

Қазақстандық әйел Kaspi Red төлемін небәрі 8 күнге кешіктіргеннен кейін орын алған шулы жағдай туралы айтып берді. Оның айтуынша, өзін Kaspi қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар бірнеше мәрте хабарласып, қарызды қайтаруды талап етіп қана қоймай, ашық түрде балағаттап, қоқан-лоқы жасаған.

«Мені балағаттап, “малсың” деп тіл тигізді. Мекенжайымды айтып, “барамыз, сөйлесеміз” деп қорқытты. Бұл әңгімені жазып алып, кейін әлеуметтік желіде жарияладым», — дейді жәбірленуші.

Видео жарияланған соң Kaspi өкілдері бастапқыда тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Алайда көп ұзамай, аталған қоңыраулар банк қызметкерлерінен емес, Kaspi келісімшарт жасаған жеке кәсіпкер тарапынан жасалғаны белгілі болды. Банк бұл ИП-ға клиенттің жеке деректерін бергенін де растаған.

«Мен Kaspi Гид, 9999 және банк бөлімшесі арқылы бірнеше рет шағым түсірдім. Әр жолы тек “тексеру жүріп жатыр” деген жауап қана алдым. Бір ай өтті, нәтиже жоқ. Бөлімшеде тек шағымның тіркелген күні — 2025 жылғы 9 маусым екенін көрсетіп, экранды суретке түсіруге ғана рұқсат берді. Бүгінге дейін нақты шешім жоқ», — дейді әйел.

Адвокат қызметіне төлем жасауға мүмкіндігі болмағандықтан, ол сотқа өз күшімен жүгінген. Сот отырысында Kaspi өкілі аталған әрекеттерге банктің қатысы жоқ екенін, барлық жауапкершілік келісімшарт жасалған жеке кәсіпкерге тиесілі екенін мәлімдеген.

Қазір әйел eOtinish порталы арқылы жеке деректерді қорғау заңын бұзу дерегі бойынша ресми шағым түсірген.

«Мұндай ірі компанияның заңгерлерімен жалғыз күресу оңай емес. Экраннан жеке деректеріміз қорғалған дейді, ал шын мәнінде оларды кім көрінгенге бере салады», — деп түйіндеді ол.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. Қоғам өкілдері Kaspi-ден нақты түсініктеме беруді және коллекторлар мен аутсорсинг компанияларға бақылауды күшейтуді талап етуде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар