Қазақстанда Вице-президенттің өкілеттіктері айқындалды
Қазақстанда Вице-президент лауазымына қатысты өкілеттіктер нақты белгіленді. Вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды, сондай-ақ оны қызметінен босату құқығы тек Мемлекет басшысына тиесілі.
Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді. Сонымен қатар Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.
Сондай-ақ Вице-президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан еліміздегі және шет мемлекеттердегі қоғамдық-саяси, ғылыми әрі мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс орнатады.
Белгіленген талаптарға сәйкес, Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы қызметтерді атқармауға және кәсіпкерлікпен айналыспауға міндетті. Бұдан бөлек, өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде оның саяси партия мүшесі болуына тыйым салынады.
Бұл талаптар саяси бәсекелестікті күшейтуге және барлық партиялардың дамуына тең жағдай қалыптастыруға бағытталған.