Үндістанда кәмелетке толмаған спортшы қызды зорлады деген күдікке ілінген қазақстандық велоспорт бапкері Мақсат Аязбаевқа халықаралық дәрежеде іздеу салынып, елде үлкен дау туды, деп хабарлайды Alash.kz.
Үндістанның Пенджаб штатының полициясы 18 қыркүйекте Патиала қаласындағы Ұлттық спорт шеберлігі орталығында өткен оқу-жаттығу жиыны кезінде болған сұмдық оқиғаға байланысты 34 жастағы Мақсат Аязбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ауыр қылмыс 13 қыркүйекте орын алған. Іс ресми тіркелген сәтте бапкер Делидегі оқу-жаттығу жиынында жүрген, алайда полиция оны ұстауға келгенде ол бой тасалап үлгерген. Осыған байланысты оның мемлекеттен шығып кетуіне жол бермеу мақсатында арнайы Look Out Circular режимі енгізіліп, төлқұжаты тәркіленді. Іздеу жұмыстарына арнайы топтар тартылып, Дели мен оған іргелес аумақтарда ауқымды рейдтер жүргізілуде.
Негізінен Мақсат Аязбаев Үндістан ұлттық құрамасымен бірге Жапонияда өтетін Азия ойындарына аттануы тиіс еді, бірақ қылмыстық іске байланысты бұл рұқсаттың күші жойылды. Үндістан велоспорт федерациясы оны қызметінен шеттетіп, істі ішкі тексеруге жіберді. Ал зардап шеккен кәмелетке толмаған спортшы қыз медициналық тексеруден өтіп, оған психологиялық және құқықтық көмек көрсетілуде. Осыған дейін «Astana Pro Team» сапында өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарда топ жарған бұрынғы кәсіпқой велогонщик 2025 жылдан бері Үндістан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарып келген еді.
Орын алған оқиғаға байланысты Қазақстан Велоспорт федерациясы да ресми мәлімдеме жасады.
«Мақсат Аязбаев соңғы жылдары үнді тарапымен келісімшарт негізінде Қазақстаннан тыс жерде кәсіби түрде жұмыс істеп, Үндістанның велоспорттан ұлттық құрамасын даярлаумен айналысты. Оның кәсіби қызметі дәл осы үнді құрамасымен тығыз байланысты болды. Үндістандық БАҚ та оның үнді командасы құрамындағы жұмысы мен спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындағаны туралы хабарлауда. Қазіргі уақытта Мақсат Аязбаевтың Қазақстан ұлттық құрамасына ешқандай қатысы жоқ. Жарияланымдарда көрсетілген оқиғалар оның үнді тарапымен жұмыс істеген кезеңінде Үндістан аумағында орын алған және оны Үндістанның құқық қорғау органдары қарап жатыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қылмыстық іс қозғалды, ал Үндістан велосипед спорты федерациясы тексеру кезеңінде маманның қызметін тоқтата тұрды», — деп хабарлады отандық федерация өкілдері.
Сондай-ақ Қазақстан тарапы бұл тергеу бойынша тек құзыретті органдардың ресми ақпараттарына сүйенетінін жеткізді.