Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жыныс мүшесін кесіп алған: Хирург 5 жасар баланы сүндеттеу кезінде сұмдық іске бой алдырды

11:10, 23 мамыр 2025 540

Павлодар қаласындағы клиникалардың бірінің хирургіне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ALASH.KZ Tengrinews.kz тілшісіне сілтеп.

Сот отырысы жабық режимде өтті. Іс материалдарына сәйкес, сүндеттеу рәсімі кезінде хирург 5 жасар баланың жыныс мүшесінің ұшын кесіп алған.

Сот 39 жастағы дәрігерді Қылмыстық кодекстің 317-бабы 2-бөлігі —

«Медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Аталған баптың санкциясында балама жазалар қарастырылған. Сот айыпталушыға қатысты жеңілдететін жағдайлардың бар екенін, ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін, қылмыс абайсызда жасалғанын ескеріп, бас бостандығын шектеуді қажет деп тапқан. Сондай-ақ ол 1 жыл мерзімге хирург лауазымында медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды және жаза мерзімі ішінде жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды, — деп түсіндірді Павлодар қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қуаныш Төлебаев.

Биыл жәбірленуші бала жеті жасқа толды. Белгілі болғандай, сәтсіз өткен операциядан бері екі жылдай уақыт өткен. Осы аралықта бала бірнеше рет операция жасатқан.

«Ұлым ем қабылдап жатыр, маусым айында Түркияға төртінші операцияға барамыз, себебі жабысқақ тіндер пайда болған. Ем жалғасып жатыр. Тағы қанша операция қажет болатынын білмейміз, дәрігерлер нақты болжам бермей отыр, ем ұзаққа созылады дейді. Айыпталушыдан ешқандай көмек болған жоқ, материалдық шығын бойынша талап қоймадым. Маған кінәсінің дәлелденіп, әділ жаза алғаны маңызды еді. Сот үкімімен келісемін», – деді баланың анасы Tengrinews.kz тілшісіне.

Еске салайық, 2023 жылдың жазында павлодарлық әйел сүндетке отырғызу рәсімі баласының жансақтау бөліміне түсуімен аяқталғанын мәлімдеген болатын.

Әйелдің айтуынша, балалар хирургі баланың жыныс мүшесінің үштен бір бөлігін кесіп, зәр шығару арнасын да зақымдаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар