Алматыда 12 жасар Абылайхан Ержанұлы тоғыз жерден алған пышақ жарақатынан қаза болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Түрксіб ауданында орын алған бұл қанды оқиға бүкіл жергілікті тұрғындардың үрейін ұшырып отыр. Жәбірленуші отбасының 25 жылдан бергі жақын танысы әрі көршісі Еленаның әскери жатақхана маңында Абылайханға бірнеше жасөспірім жабылып шабуыл жасаған. Күдіктілердің барлығы да қаза тапқан баламен бірге №32 мектепте оқиды. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, өзге балалар Абылайханды ұстап тұрған, ал біреуі оған суық қарумен қайта-қайта соққы бағыттаған. Шабуыл жасаушылар баланың ауыр жарақат алып жатқанын көріп тұрса да, ешкімге тіс жармаған. Дәрігерлер жеткенше өрімдей жас өспірім тіл тартпай кеткен. Бүгін ғана жерленген марқұмды Елена өте сабырлы, үлкендердің тілін алатын, үй шаруасына қолғабыс етіп, інісіне қарайласатын, тек жақсы жағынан танылған тәрбиелі бала ретінде еске алды. Бұл жағдайдан кейін әскери қалашық тұрғындары балаларын сыртқа шығарудан қорқып отыр.
Оқиғаның толық әрі әділ зерттелуін талап еткен Елена өз сөзінде былай деп күйінді:
«Біз шындықты және қатал жаза қолданылуын қалаймыз. Бұл кісі өлімі Түрксіб ауданындағы әскери қалашықта болды. Бір балаға бірнеше адам жабылған. Басқалары ұстап тұрған, ал біреуі оған пышақ сұққан. Балалардың арасында не болғаны әзірге тергеу барысында анықталып жатыр. Бұл баланы бүгін ғана жерледі».
Қазіргі уақытта марқұмның отбасы тергеу амалдарының қалай жүріп жатқанынан бейхабар, оларға бейнебақылау камераларының жазбалары да көрсетілмеген. Полиция мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде марқұмның өзі таныс 13 жастағы құрдасы ұсталған. Қайғылы жағдайдың 10 маусымда болғаны нақтыланды. Дегенмен, қаза тапқан баланың жақындары күдіктінің жасы 14-ке толмағандықтан, істің жылы жабылып, кінәлілердің жазадан құтылып кетуінен қатты қауіптенеді. Сонымен қатар, бейресми ақпарат бойынша, шабуылға қатысы бар делінген балалардың бірі босатылып жіберілген.
Елена осы мәселеге қатысты қоғамнан қолдау сұрап, келесідей мәлімдеме жасады:
«Қазір біз біраз уақыт өткеннен кейін сол балалардың ата-аналары бұл жағдайды тез арада жылы жауып қоя ма деп қорқамыз. Бірақ бұл кісі өлімі ғой. Тоғыз жерден пышақ сұғылған. Оның үстіне мұны 14 жасқа толмаған бала жасап отыр. Қалған балалар сыбайлас болды. Біртүрлі жағдаймен, біздің естуімізше, бір баланы босатып жіберіпті. Бәрі бірдей №32 мектепте, 13-ші әскери қалашықта оқиды. Олар 1 қыркүйекте қалай бірге барып оқиды? Бұл баланың ішек-қарны ақтарылып жатқанын көріп тұрып, үндемей қалған кішкентай қатыгездер, мақұлықтар өсіп келеді. Жедел жәрдем келгенде, бала қаза тауып кеткен еді. Қазір бүкіл 13-ші, 16-шы әскери қалашық... бәрі балаларын сыртқа шығаруға қорқады. Не болып жатыр өзі?!».
Тәртіп сақшылары бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, 13 жастағы күдіктіні арнайы мамандандырылған мекемеге орналастырды. Тергеу органдары заң шеңберінде жұмыс істеп жатқанын алға тартып, істің өзге мәліметтерін жариялауға шектеу қойды. Сондай-ақ, тергеу аяқталған соң, бала тәрбиесіне салғырт қараған ата-аналардың да жауапкершілігі қаралатын болады.