Қызылордалық Мағауия Қашқынбаева 5 жылдан бері Ресейге жұмысқа кеткеннен із-түссіз жоғалған бауырын таппай жүргенін айтып қазақстандықтардан көмек сұрады, деп хабарлайды Alash.kz Stan.kz сайтына сілтеп.
Жоғалған Елнұрдың әпкесі оны бұрын да шетелге шығып жұмыс істегенін айтады.
“6 жыл Кореяда жұмыстеп сол жақта болып келген. Өзі отбасымыздың жағдайына қарап үйленбеді. Көп нәрсені ішіне бүгіп жүретін. 2020 жылы ақша табу үшін Ресейге баратынын айтып кеткен. Қасында таныс досы болды, екеуі бірге кетті. Алдымен Самара қаласына барды. Кейін Ростовқа ауысып жатқанын айтты. Сол кезде менен 15 мың теңге ақша сұрады”, – деді Мағауия.
Інісін іздеген әйелдің айтуынша, видео хабарламамен сөйлескен кезде Елнұрдың өзін жайсыз сезінгенін байқаған.
“Анам видео хабарлама арқылы сөйлесе алмайтындықтан мен арқылы сөйлесетін. Бірде солай хабарласқанымызда інімнің жылап сөйлесіп жатқанын көріп қалдым. Мұнда жүк тасып, қиналып жұмыс істеп жүрмін дегенін естіп қалдым. Алайда біз қайт десек “ақша табуым керек” деп оралмады.
Соңғы рет сөйлескенімде інімнің түрі қашып тұрды. Қараңғы жертөледе тұрғандай көрінді. Алайда қандай жерде тұратынын сұрағанымда жігіттермен бірге пәтер жалдайтынын айтты”, – деп жауап берді ол.
Мағауия інісі туралы көрген-білгендерден хабар күтеді.
“Соңғы рет сөйлескенде менің “елге қайт” деген ақылыма ашуланғандай болды. Кейін ренжіп байланысқа шықпай жүр екен деп ойладым. Сол хабарласқаннан кейін байланысты үзді. Телеграмнан да, Whatsapp-тан да қаншама рет жаздым. Кейін тіпті номері мүлде жойлып кеткен. Қайда кеткені, не істеп жүргені белгісіз.
Миграциялық полицияға барып арыздандық. Күнде қандайда бір ақпарат бола ма деген үміттеміз. Бірақ хабар жоқ”, – деп қорытты ол.
Мағауия қандай да бір ақпарат білгендер болса +7 776 271 48 37 номерге хабарласуды сұрайды.