Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері соңғы үш аптада Газа секторының оңтүстігінде орналасқан Рафах аймағынан 1 млн-ға жуық палестиналық кетуге мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Anadolu агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыс жөніндегі агенттігінің әлеуметтік желіге жарияланған хабарламасында айтылған.
Барар жер, басар тауы жоқ палестиналықтар эксклавта қауіпсіз орын болмағандықтан әрі Израильдің толассыз жасалып жатқан шабуылдары кесірінен баспана іздеуге мәжбүр. Оның үстіне, күн сайын азық-түлік пен ауызсу жеткіліксіз болып, тапшылық үдеп барады. Газа секторындағы палестиналықтарға көмек көрсету мен қорған болу мүмкін болмай бара жатыр, - делінген хабарламада.
Бұған дейін, 7 мамырда Израиль әскері эксклавтың Мысырмен шекарадағы"Рафах" бақылау-өткізу пунктінің палестиналық бөлігіне бақылау орнататынын мәлімдеді.