Ақтауда полиция қызметкерлері мен шабандоз қыздың арасындағы қақтығыс видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға Наурыз мерекесін тойлау кезінде қалалық жағалауда болған. Құқық қорғау органдары аттың көпшілік жиналған жерге әкелінгеніне наразы болды.
Видеодан полицейлердің қызға күш қолданғаны көрінеді. Алдымен оны аттан түсірмек болған, кейін өздерімен бірге әкеткен.
Полицияның түсіндіруінше, алаңда көп адам, соның ішінде балалар болған. Оқиғаның алдын алу мақсатында полицейлер жылқы иелерінен аумақтан кетуді сұраған.
Алайда қатысушылардың бірі бұл талапқа бағынудан бас тартқан. Осыған байланысты оған ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы – «Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау» бойынша хаттама толтырылды, деп жазады Lada.kz.
Жылқылар уақытша арнайы қабылдағышқа жеткізілді, кешке қарай иелеріне қайтарылды. Ал қызға 117 960 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.